preloader

Жаңалықтар

Наиб мүфти халықаралық дөңгелек үстелге қатысты

Наиб мүфти халықаралық дөңгелек үстелге қатысты

Каир қаласында «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» мен «Әл-Азһар жанындағы Дінаралық диалог орталығы» бірлесіп, халықаралық дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы онлайн қатысып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сөзін жеткізді.

Дөңгелек үстелдің мақсаты –  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі мен Декларация идеяларын насихаттау, әлемде конфессияаралық келісімді нығайту, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу, сондай-ақ, әлемде өркениетаралық, мәдениетаралық диалогты жандандыру бойынша жаңа идеяларды іске асыру. Оған мемлекеттік органдар, діни қызметкерлер, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съесзі мен Хатшылық мүшелері қатысты.

Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салды. Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер күшейіп тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түспек.

Өз кезегінде сөз алған дін көшбасшылары қазақстандық Форумның ерекшелігіне назар аударды. Діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізу үшін діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Рухани көшбасшылар Съезд қатысушыларының ортақ миссиясы – бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қолдау үшін Форум аясында көтерілетін мәселелердің ауқымдылығын да назардан тыс қалдырмады.