«Орамалым – ар-ожданым» атты рухани кеш өтті
Жамбыл ауданында 1 ақпан – Халықаралық ақ кимешек күніне орай «Орамалым – ар-ожданым» атты тағылымды рухани кеш ұйымдастырылды. Шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылға арналған жоспары аясында бекітілген «Рамазанға дайындық» тақырыбымен ұштаса өткізілді.
Іс-шараны Жамбыл ауданының бас имамы Бақыт Әбдіисламұлы Тойчибаев ашып, жамағатқа ізгі тілегін білдірді. Кеш Құран Кәрім аяттарының оқылуымен басталып, орамалдың әйел болмысындағы орны, ар-ұят пен рухани құндылықтар жөнінде мазмұнды насихаттар айтылды.
Рухани кешке спикер ретінде «Ұлт анасы» қауымдастығының ұстазы Құралай Жарбол және Алматы облысы әйел-қыздар секторының жетекшісі Назерке Әкішқызы қатысты. Қонақтар әйел бақыты, отбасы құндылықтары, сондай-ақ «Ислам және адал қоғам» тақырыбы аясында тағылымды ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, Рамазан айына дайындық мәселелері де кеңінен қозғалды.
Шара барысында ақ кимешек киген әжелер жас қыз-келіншектерге кимешек салу рәсімін көрсетіп, ұлттық дәстүрдің мәнін дәріптеді. Кешке аудан кәсіпкер әйелдері демеушілік көрсетіп, жамағатқа түрлі сый-сияпаттар табысталды.




