ҚАДІР ТҮНІ: РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ ЕҢ ҚАСИЕТТІ ТҮН
Қадір түні: Рамазан айындағы ең қасиетті түн
Қадір түні — ислам әлемінде ең қасиетті әрі ерекше түндердің бірі болып табылады. Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінде, әсіресе тақ санды түндерде (21, 23, 25, 27, 29) жасалады. Қадыр түні мұсылмандар үшін рухани тазартудың, Алла Тағаланың разылығына ие болудың, сонымен қатар өткен күнәлар үшін кешірім сұрап, тәубе етуінің үлкен мүмкіндігі болып саналады. Құран Кәрімде бұл түннің мың айдан да қайырлы екені айтылады:
«Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («əл-Қадр» сүресі, 1-5 аяттар).
Яғни, осы түні жасалған амалдар мен дұғалар өте құнды және Алла тарапынан ерекше сауапқа ие болады. Қадір түні туралы Құранда және хадистерде айтылған мәліметтер мұсылмандарды осы түнді барынша құлшылықпен өткізуге, Алладан кешірім сұрауға және рухани жаңаруға шақырады. Ендігі кезекте, Қадір түнінің ерекшелігі мен оны өткізу жолдарына тоқталсақ. Қадір – белгілеу, өлшеп бекіту деген мағынаны білдіреді. Бұл құтты түнде Құран Кәрім түсумен қатар, тағы бір маңызды оқиға орын алады. Құран Кәрімде: «Періштелер және Рух ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі», –деп баяндалғандай, қадір түнінде Алла Тағала әмірімен Рух, яғни Жәбірейіл (ғ.с.) бастаған періштелер жер бетіне түсіп, келесі жылға қатысты барлық амалдарды бекітеді. Демек, бұл түні мейлінше көп құлшылық жасап және дұға-тілек еткен абзал. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», – деп өсиет еткен. Қадір түнін пайдалы өткізудің жолдарына көңіл бөлсек.
- Таһажжуд намазын оқу
Қадір түні құлшылықтың ең маңызды түрлерінің бірі – түнгі нәпіл намаз, немесе таһажжуд намазы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы түні намаз оқу арқылы рухани биік деңгейге жетуге кеңес берген.
- Құран оқу
Қадір түнінде Құран оқу арқылы ерекше сауапқа ие болуымыз мүмкін. Себебі, Құран Кәрімнің алғашқы аяттары Мұхаммед пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскендіктен, бұл түнде Құранды оқып, оның мағынасына терең үңілу өте маңызды. Құранды оқу барысында өзімізге, отбасымызға, қоғамға, елімізге және бүкіл адамзатқа жақсы дұғалар жасауға болады. Қадір сүресін оқып, оның мәні мен мағынасын түсіну де біз үшін аса пайдалы.
- Дұға жасау
Қадір түні дұғалардың қабыл болу мүмкіндігі жоғары. Мұсылман баласы осы түні Алла Тағаладан кеңшілік, мейірім және кешірім сұрауы керек. Ең көп оқылатын дұға – Айша (р.а.) риуаят еткен дұға. Бір хадисте мұсылмандар анасы: «Уа, Алла пайғамбары! Мен қадір түнін тапсам (мен құлшылық еткен түн қадір түніне сай келсе), не деп дұға етейін?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда: «Аллаһуммә иннәкә ъафуун тухиббу әл-ъафуә фаъфу ъәнни». «Жаратушы Алла! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кеш, – деп айт», деп жауап берген.
- Садақа беру
Қадір түні мұқтаж жандарға садақа беру өте сауапты іс болып табылады. Садақа – тек қана материалдық көмек емес, сонымен қатар рухани тазалыққа да ықпал етеді. Қадір түні садақа беру арқылы адамның жүрегі таза болады, өзге адамдарға көмек көрсету арқылы қоғамда мейірім мен сүйіспеншілік орнайды.
- Өткен күнәлар үшін тәубе ету
Қадір түні – өткен күнәлар үшін тәубе етіп, олардан арылудың ең жақсы сәті. Бұл түнде Алла Тағала өзінің ерекше мейірімін көрсетеді, сондықтан әрбір мұсылман өз күнәлары үшін шын жүректен кешірім сұрап, Аллаға бет бұруы тиіс. Тәубе еткен адамның өз өмірін жақсартып, жаңа бастамалар жасауға мүмкіндігі бар. Бұл мүбәрак түннің жасырын болуының сыры ажалдың, қиямет күнінің жасырын болуы секілді мұсылман баласының ғибадатты көбейте түсуге және де ғапыл қалып, жалқаулық танытпау үшін құлшылыққа ынталандыру мақсатында жатса керек. Бұл түнді мүмкіндігінше құлшылықпен, дұғамен және жақсы істермен өткізу – адамның рухани дамуына және Алладан мейірім алуына үлкен мүмкіндік береді. Алла Тағала біздің оразамызды, дұғаларымызды, ізгі ниеттеріміз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етсін. Әумин!
Қарасай ауданының бас имамы
Дауренбек Жандосұлы