ҚАРАСАЙ АУДАНЫ: ӘЙЕЛ ЖАМАҒАТЫ АРАСЫНДА СПОРТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Кемертоған ауылында Айдана Талғатқызының ұйымдастыруымен “Тәуелсіздік-Еркіндігім” атты спорттық эстафета сайысы өтті. Бұл эстафета 16 – желтоқсан тәуелсіздік күніне арналды.
Ерекшелігі эстафетаға Қарасай ауданына қарасты мешіт ұстаздары шәкірттерімен бірге қатысты. Эстафетаны Алматы облысының ҚМДБ “Әйел-қыздар” секторы Алматы облысы бойынша жауапты маманы Назерке Әкішқызы ашып, әділ-қазылар алқасын таныстырып өтті. Эстафета кезекті 5 кезеңнен және 6 топтан құралды. Сайыс мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау, қызметтік ынта-жігерді нығайта түсу, ұстаздар мен жамағат арасындағы бауырластық қарым-қатынасты орнату.
Алғашқы үштік орынды ерекше жылдамдығымен, зейінімен көзге түскен “Фирдаус”, “Тұмар”, “Бірлік” атты топтар иеленіп, “Адият”, “Жалын”, “Самғар” атты топтар белсене қатысқаны үшін марапатталды. Әр топ ынталандыру сыйлықтарына ие болып, ары қарай дастархан басына жайғасып, тәуелсіздіктің қадірі жайлы насихат айтылды.



