ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕР БЕРІЛДІ
ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Алматы облысында, Қарасай ауданы, Көксай елді мекенінде орналасқан “Құртқа” мешітінің жанынан мешіт имамы Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлына 918 – қызметтік пәтер пайдалануға берілді.
Жоба аясында «Құртқа» мешітінің діни қызметкеріне мешіт маңынан арнайы қызметтік пәтер пайдалануға берілді. Бұл бастама дін қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын қолдауға және олардың ел игілігі жолындағы қызметіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қызметтік пәтерді табыстау шарасына ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы, Қарасай ауданының имамы Дәуренбек Жандосұлы, сондай-ақ ауыл ақсақалдары, мешіт жамағаты мен жергілікті тұрғындар қатысты. Шара барысында сөз алған азаматтар «Ел үлесі – пәтерге» жобасының маңызына тоқталып, дін қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан мұндай қолдаудың олардың қызметін алаңсыз атқаруына және мешіт жұмысын жүйелі жүргізуіне оң ықпал ететінін атап өтті.
«Ел үлесі – пәтерге» жобасы – қайырымдылық пен ел бірлігін ұштастырып, баспанаға мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған игі бастамалардың бірі.
Шара соңында жобаға үлес қосқан барша азаматтарға ризашылық білдіріліп, жасалған қайырлы істің қабыл болуы үшін дұға жасалды. Алла Тағала ел игілігі жолындағы игі бастамаларға береке беріп, қайырымдылыққа атсалысқан азаматтардың сауаптарын еселесін!



