Қарасай ауданында кезекті «Әжелер мектебі» жиналысы өтті
Қарасай ауданында ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Әжелер мектебінің» кезекті жиналысы ұйымдастырылды. Басқосудың негізгі мақсаты — жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, отбасы институтын нығайту және бабалар аманатын сақтау болды. Жиынға елімізге танымал рухани ұстаз Құралай Жарбол мен ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың аналары қатысып, отбасылық құндылықтардың өзекті мәселелерін талқылады. Келелі кеңес барысында жастарға қазақы салт-дәстүрді үйрету, дін мен дәстүр сабақтастығын түсіндіру, сондай-ақ қыз-келіншектерге әдеп, инабат пен сабырлылық тақырыптарында тәлім беру мәселелері кеңінен қозғалды. Жиналғандар отбасы берекесін сақтаудағы аналардың рөлін атап өтіп, рухани тәрбие мен ұлттық болмысты насихаттау жұмыстарын бірлесе жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Бұл кездесу қазіргі қоғамдағы отбасы тәрбиесінің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап берді.


