ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы Қарасай ауданында жалғасын тапты.
Шара барысында ҚМДБ Алматы облысы Қарасай ауданының бас имамы Дәуренбек Жандосұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас ұрпақтың сапалы білім алуының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жаңа оқу жылында балаларға сәттілік тілеп, қайырымдылық шарасына қолдау көрсеткен демеушілерге ризашылығын білдірді.
Қайырымды азаматтардың зекет қаражаты есебінен Жібек жолы округіндегі 6 мектептің оқушыларына, көпбалалы отбасылардың, жартылай және толық жетім балаларға, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жалпы 1050 оқушыға оқу құралдары салынған мектеп сөмкелері табысталды.
Шара соңында Үшкемпірұлы Жақсылық мешітінің имамы Құдайбергенұлы Шохан қайырымдылық шарасына атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіріп, игі іске демеушілік жасаған жандарға Алла Тағаладан береке тіледі.



