ҚАРАСАЙДА «ҚҰДАЙЫ АС – ЖАРЫС ЕМЕС, САУАП» ТАҚЫРЫБЫНДА БЕЛСЕНДІ АПА-ӘЖЕЛЕРМЕН РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ.
Алматы облысы, Қарасай ауданында ҚМДБ-ның «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» бастамасы аясында белсенді апа-әжелермен рухани кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – ас беру мәдениетін қалыптастыру, ысырапшылдықтың алдын алу, қарапайымдылық пен үнемшілдікті насихаттау, сондай-ақ ұлттық дәстүрлердің діни тағылыммен сабақтастығын түсіндіру.
Рухани жиынға Алматы облыстық Қапшағай мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы арнайы қатысып, құдайы ас берудің мән-маңызына тоқталды. Ол ас берудің басты мақсаты – марқұмның рухына дұға бағыштап, Құран оқыту және сауапты амал жасау екенін атап өтті.
Сонымен қатар жиында ас беру кезінде орынсыз бәсекеге, даңғазалық пен ысырапқа жол бермеу, дастарқан мәзірін қарапайым етіп, игі істің рухани мазмұнына басымдық беру мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында апа-әжелерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамда ізгі дәстүрлерді дәріптеу мен кейінгі ұрпаққа дұрыс өнеге көрсету қажеттігі айтылды.
Басты ұстаным – құдайы ас жарысатын орын емес, марқұмға дұға бағыштап, сауап жинайтын ізгі амал.



