preloader

Жаңалықтар

ҚАРАСАЙДА «ҚҰДАЙЫ АС – ЖАРЫС ЕМЕС, САУАП» ТАҚЫРЫБЫНДА МЕЙРАМХАНА ӘКІМШІЛІГІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ҚАРАСАЙДА «ҚҰДАЙЫ АС – ЖАРЫС ЕМЕС, САУАП» ТАҚЫРЫБЫНДА МЕЙРАМХАНА ӘКІМШІЛІГІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Алматы облысы, Қарасай ауданында ҚМДБ-ның 2026 жылға арналған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» тақырыбында мейрамхана әкімшіліктерімен кездесу өтті. Рухани-танымдық басқосуға Алматы облыстық Қапшағай мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы қатысып, құдайы ас берудің мәні мен маңызы, ас өткізу мәдениеті және діни рәсімдердегі қарапайымдылық мәселелеріне тоқталды. Кездесу барысында соңғы уақытта құдайы ас кезінде орын алып жүрген орынсыз бәсекелестік, даңғазалық, ысырапшылдық пен шектен тыс шығын мәселелері кеңінен қозғалды. Сондай-ақ марқұмның рухына Құран бағыштап, дұға жасау мен мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетудің сауапты амал екені айтылды. Мейрамхана әкімшіліктеріне құдайы ас өткізуші азаматтарға дастарқан мәзірін қарапайым әрі ысырапсыз ұйымдастыру жөнінде түсіндіру жұмыстарына қолдау көрсету ұсынылды. Жиынның негізгі мақсаты – қоғамда құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру, ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеу, ас беру кезінде бәсекелестікке емес, сауап пен ізгілікке басымдық беруге шақыру.