preloader

Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АТЫНАН АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АТЫНАН АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Алматы өкілдігі Рамазан-ынтымақ пен ізгілік айында ауызашар берді.

Бұл дәстүрлі ауызашар дастарханында облыс имамдары, ардагерлер, зағип жандар орталығы және құран оқитин шәкірттер де арнайы қонақ болды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар ерекше жандар, әр салада еңбек етіп жүрген азаматтар мен ақжаулықты әжелеріміз де қатысты. Алла разылығы үшін таңның атысы мен күннің батысы аралығында ішіп-жемнен, нәпсі қалауларынан тыйылып, сабыр мен шыдамын шыңдай түскен жамағат ақшам намазынан соң мешіт мейрамханасында бас қосып, мүбәрак айдың берекелі дастарханына жайғасты. Ауызашарда алдымен құран оқылып, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы ауызашар дұғасын оқып, қасиетті аймен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Мұнан соң, күмбірлеген күй шертіліп, термеші, ақындар өз өнерлерін ортаға салды. Кезекпен сөз алғандар жиналған қауымға ыстық ықыластарын білдірді.

Сондай-ақ, айтулы шараның көрігін “Тұғыр” тобының орындауындағы жарапазан кіргізді. Мағыналы уағыз айтылды. Айлардың сұлтаны – Рамазанда, түндердің сұлтаны – Қадір түнінде оқылған дұғалар мен ниет-тілектер қабыл болатынын айтып, көпшілікке Аллаға құлшылық жасаудың маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар, бұл күні, бірқатар ардагер имамдар ҚМДБ- ның 35 жылдығы аясында марапатқа ие болды.