Қасиетті Рамазан айындағы қайырымдылық шара
Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Шынасыл» мешітінде қасиетті Рамазан айы аясында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Игі бастама Рамазан айының мейірім мен жанашырлыққа үндейтін рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталды. Аталған шараға Зекет және қайырымдылық қоры директоры Қайырғалиев Мақсатбек Мақсотұлы және Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы арнайы қатысты.
Іс-шара барысында Мақсатбек Мақсотұлы жиналған жамағатқа ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Рамазан айымен құттықтау сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, «Рамазан сыйы» жобасының еліміз бойынша Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық қайырымдылық марафоны екенін атап өтіп, жергілікті тізімге енген 100 отбасыға азық-түлік себеттері таратылатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде облыстың бас имамы Мадияр Тағайбайұлы Рамазан айының рухани маңызы туралы насихат айтып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасады.
Шара соңында мұқтаж отбасыларға азық-түлік қоржындары беріліп, жамағат игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.



