ҚАЖЫЛЫҚҚА ДАЙЫНДЫҚ: ТАЛҒАРДА ТАНЫМДЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
Араб тілінен аударғанда «қажылық» сөзі «ниет етіп бару», «дәлелдеу» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғи тұрғыдан – белгілі бір айларда қасиетті мекендерде арнайы амалдарды орындау арқылы құлшылық жасау деген ұғымды қамтиды.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы» деп («Әли Имран» сүресі, 97-аят) бұйырады. Бұл аятта қажылықтың шамасы жеткен әрбір мұсылманға парыз екендігі айқын көрсетілген.
Ислам дініндегі бес парыздың бірі саналатын қажылық – балиғат жасына жеткен, денсаулығы мен қаражаты жеткілікті әрбір мұсылманға өмірінде бір рет өтеуі міндетті құлшылық. Бұл – адам баласының тәнімен де, мал-дүниесімен де атқарылатын ұлы ғибадат.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы өкілдігіне қарасты Талғар аудандық “Әбу Бәкір ас-Сыддық” мешітінде қасиетті сапарға дайындыққа арналған танымдық дәріс өтті.
Іс-шара барысында болашақ қажыларға қажылықтың мәні мен маңызы, орындалу тәртібі, сапар барысындағы әдептер мен талаптар кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Дәріс соңында жамағат ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, алдағы қасиетті сапарға рухани дайындықтарын нығайта түсті.


