ҚМДБ төрағасы Досжан ишан кешенінің ашылуына қатысты
Ақтөбе облысы Темір ауданында Досжан ишан мемориалдық кешені ашылды. Кешеннің салтанатты ашылуына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты. ҚМДБ Төрағасы ишанның кесенесін зиярат етіп, рухына Құран бағыштады.
Досжан хазірет Қашақұлы 1868 жылы Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Темір уезінде мұсылманша оқу-тәрбие кешенін салдырған болатын. Мұнда алты күмбезді мешіт, 150 орындық медресе, ұстаздар мен шәкірттер тұратын жатақхана, қосалқы шаруашылық үйлері болған. Кешен 1870-1925 жылдар аралығында жұмыс істеген. Кеңес үкіметі тұсында кешен жабылған, кейін қараусыз қалған.
Бас мүфти кешеннің салтанатты ашылуында: «Досжан ишан Қашақұлының кешені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған кезде Қазақстанның киелі орындарының тізіміне кірген болатын. Содан бері хазіреттің кесенесін қалпына келтіру, мемориалдық кешенін тұрғызу жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстары кезінде 150 жыл бұрын қазылған құдық табылды. Құдық толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Бүгін міне, хазіреттің кешенінде зиярат етушілерге барлық мүмкіндік жасалғанына куә болып отырмыз. Осы орайда Досжан хазіреттің кешенін қалпына келтіруге атсалысқан, құрылыс жұмыстарын жүргізген, кесенені қайта тұрғызған азаматтарға алғыс айтқым келеді. Алла еңбектеріңізге сауаптан жазсын!» деді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен кешенге археологиялық қазба жұмыстары, сақталған құрылыстарды уақытша консервациялау, қонақ қабылдау және музей үйінің құрылысы, кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтіру мен туристік орталыққа айналдыру жұмыстары бастау алды.