ҚМДБ Төрағасы Құран жаттау және діни сауат ашу орталығының ашылуына қатысты
Бүгін, қасиетті жұма күні Атырау облысы Жылыой ауданының Тұрғызба ауылында «Құран жаттау және діни сауат ашу» орталығы іске қосылды. Ашылу рәсіміне өңірге жұмыс сапарымен барған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Салтанатты шара Құран аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти орталық жұмысына береке, ауыл халқына амандық тіледі.
«Бабаларымыз «Азаны бар ауыл азбайды» деген екен. Ауылдарыңыздағы игі бастамаға құт-береке тілеймін. Қай жерде Құран оқылса, сол жерде береке болады. Ал бұл жерде діни сауат ашып, Құран жаттауға мүмкіндік бар. Әйгілі Қабылиса жырау «Бақыт, қайда барасың?» деген толғауында:
— Шариғат сөзін тыңдаған,
О дүниені ойлаған,
Аллалы үйге барамын…
Үйінде тұрған Құраны,
Расулалла ұраны
Тəртіпті үйге барамын, — дейді.
Демек, бабаларымыз да Құран Кәрімге құрмет болған, ұстанғаны сүннет болған жерге бақ пен береке орнайтынын жете түсінген. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Біз саған әр нәрсені баяндайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – дейді. Яғни исі мұсылман баласы үшін Құран тура жолға бастап, Жаратқанның рақым-мейіріміне қауыштырады, жақсылықты сүйіншілейді.
Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің», — деп айтқан. Осы орталықта қызмет етіп, шәкірттерге Құран оқуды, жаттауды үйрететін ұстаздарға Алла жар болсын! Әрбір ісін шынайы ықыласпен орындап, мол сауапқа кенелуді жазсын. Сондай-ақ осы орталықтың ашылуына атсалысқан арда азаматтарымызға да тек жақсылық тілеймін» деді ҚМДБ Төрағасы құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы 30 шәкіртке арналған.