«ҚҰРАН ОҚЫП ҮЙРЕНЕЙІК» КУРСЫ АЯҚТАЛДЫ
Алматы облысы, Талғар ауданы, “Достық” ауылдық мешітінде қыз-келіншектерге арналған бір айлық “Құран оқып үйренейік” курсының тәмамдалуына орай “Құран — мәңгі мұғжиза” атты марапаттау рәсімі өтті.
Мешіттің бас имамы Ербол Серікбайұлы салтанатты рәсімді ашып, құттықтау сқз сөйледі. Іс-шараға Алматы облыстық Қапшағай мешітінің найб имамы, облыстық діни оқу-ағарту бөлімінің жауапты маманы Сәкен Еншібайұлы, Талғар ауданының бас имамы Ерқанат Серікұлы, сонымен қатар мешітке демеушілік білдірген Талғар ауданы Атамекен Кәсіпкерлер Палатасының директоры Айдос Ермекұлы және “Алатау жұлдыздары” газетінің бас редакторы Меруерт Мәулетқызы қонақ ретінде қатысты. Сонымен қатар мешіт шәкірттерін жетістіктерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Курста құран әліпбиі, махраж қағидалары, тәжуид ережелері үйретіліп, бірқатар сүрелердің қысқаша тәпсірі баяндалды. Сонымен қатар курстың келесі бір бөлімі ретінде діннің тірегі іспеттес намаз құлшылығының шариғат талабына сай дұрыс атқарылуын үйретуге басымдық берілді. Өткізілген сабақтар арқылы жамағат көкейлерінде жүрген аз-кем сұрақтарға жауап алды.
Құлшылықтың ішкі-сыртқы көрінісінен бөлек, шәкірттер ислам діні туралы түсінік-танымдарын қалыптастыра алды. Алған білімдерін куәландыру мақсатымен сертификат табысталып, сыйлыққа қасиетті Құран табысталды.