«Қымызмұрындық – 2026»: Қарқара жайлауында руханият пен ұлттық дәстүр ұштасқан мереке өтті
Алматы облысы, Кеген ауданының Қарқара жайлауында ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, руханиқұндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Қымызмұрындық – 2026» мерекесі кең көлемде аталып өтті.
Тағылымды шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдаұлы, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы, өңір ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Мереке барысында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жиналған жұртшылыққа насихат айтып, қазақ халқының сан ғасырлық салт-дәстүрі мен ислам дінінің сабақтастығына тоқталды. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту, бірлік пен татулықтың маңызын ерекше атап өтіп, еліміздің амандығы, халқымыздың тыныштығы мен берекесі үшін дұға жасады. Сонымен қатар, қазақ даласының көрнекті тұлғаларының бірі Әулие Абыз Әлмерек бабаның рухына бағышталып, 300-ге жуық Құран хатымның сауабы арналды. Бұл игі іс ата-баба рухына құрмет көрсетудің, ұлттық және рухани мұраны ұлықтаудың жарқын көрінісі болды.
Мерекенің қорытындысында ақсақалдар ақ батасын беріп, елдің тыныштығы, жұрттың бірлігі мен берекесі үшін ізгі тілектерін білдірді. «Қымызмұрындық – 2026» мерекесі ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына дәстүр мен руханияттың қадірін сіңіретін тағылымды іс-шара ретінде көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.



