«ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы облысы өкілдігіне қарасты Талғар ауданы, Кеңдала ауылдық мешітінде қыз-келіншектер мен асыл аналарға арналған «Қыз бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында тағылымды семинар ұйымдастырылды.
Рухани басқосудың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, қыз бала тәрбиесінің маңызын дәріптеу, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ қоғамдағы ананың тәрбиелік рөлін айқындау болды.
Семинардың кіріспе сөзін Алматы облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Әкішқызы Назерке ұстаз сөйлеп, «Берекелі отбасы – иманды ұрпақтың бесігі» тақырыбында тағылымды насихат айтты. Ол отбасы бақытының негізі – өзара сыйластық, сабыр, жауапкершілік және имандылық екенін атап өтіп, берекелі шаңырақта тәрбиеленген ұрпақтың ел болашағы үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Келесі кезекте Серғазы Жанна ұстаз «Отбасы тыныштығын сақтаған әйелдің Алла алдындағы дәрежесі» тақырыбында баяндама жасап, әйел-ананың отбасы бірлігін сақтаудағы жауапкершілігі мен даналығы туралы кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ отбасының татулығы мен берекесін сақтау – сауапты амалдардың бірі екендігін насихаттап, ислам дініндегі әйелдің жоғары мәртебесіне тоқталды.
Семинарды қорытындылаған Анар ұстаз «Махаббат пен мейірімге толы шаңырақ – баланың қауіпсіз әлемі» тақырыбында баяндама жасап, бала тәрбиесінде ата-ананың сүйіспеншілігі, мейірімі мен қамқорлығының орны ерекше екенін айтты. Сонымен қатар жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуында отбасындағы рухани ахуалдың шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, отбасы тәрбиесі, қыз баланың әдебі мен имандылығы төңірегінде пайдалы пікір алмасты.


