«РАМАЗАНДА БІР ТАЛ ЕК» ШАРАСЫ АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
«Рамазанда бір тал ек» шарасы Алатау қаласында өтті.
Ислам діні адамзатты тек құлшылыққа ғана емес, қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға үндейді. Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен дәстүрлі «Рамазанда бір тал ек» акциясы Алматы облысы, Алатау қаласында ұйымдастырылды.
Қоршаған ортаны көгалдандыруға бағытталған игі шараға Алматы облысының имамдары және Алатау қаласының әкімдігі, сондай-ақ мешіт жамағаттары мен қала тұрғындары белсене атсалысты.
Ақжарма тілегін білдіріп, бата жасаған ақсақалдар шараны бастап берді.
Игі бастама қаладағы Арна, Құйған және Жаңаарна шағын аудандарында жүзеге асырылып, 100-ден астам үйеңкі, қарағаш және қайың ағаштары отырғызылды. Бұл акция табиғатты көркейту ғана емес, ұрпаққа өнеге қалдыру, жасыл желекке қамқорлық таныту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру сынды маңызды міндеттерді көздейді.
«Бір тал ексең, бір үміт егесің» демекші, әрбір отырғызылған ағаш келешек ұрпаққа аманат. Қасиетті Рамазан айында сауапты іске ұйытқы болған Алатау қаласы әкімдігіне ерекше алғыс білдіреміз.