preloader

Жаңалықтар

РАНТ мүшесі Үшқоңыр медресе-колледжінде рухани кездесу өтті

РАНТ мүшесі Үшқоңыр медресе-колледжінде рухани кездесу өтті

Алматы облысы өкілдігіне іс-сапармен келген қари Есжанұлы Сейтжан мешітінің бірінші наиб имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі Желеуов Дастан Сүлейұлы Үшқоңыр медресе-колледжінің шәкірттерімен кездесті.

Кездесу барысында ол ілім алудың шарапаты, түңгі құлшылықтардың маңыздылығы және ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас туралы тағылымды насихат айтты. Дін жолында білім алу – ең үлкен нығметтердің бірі екенін атап өтіп, шәкірттерді өз білімін жетілдіруге, оны дұрыс жолда қолдануға шақырды. Сондай-ақ, түнгі құлшылықтардың рухани кемелденуге тигізер ықпалы жайлы баяндап, жас талапкерлерді ғибадатқа бекем болуға үндеді.

Сонымен қатар, Алматы облысы уағыз-насихат бөлімінің жауапты маманы Ербол Серікбайұлы шәкірттерге сәттілік тілеп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің ыстық сәлемін жеткізді. Ол ҚМДБ тарапынан арнайы бекітілген мешіттерде қызмет атқарудың маңыздылығын айтып, шәкірттерді діни салада белсенділік танытуға, алған білімдерін ел игілігіне жұмсауға шақырды.

Кездесу барысында шәкірттердің әдебі мен тәртібі де назардан тыс қалмады. Ислам ілімін үйрену үлкен жауапкершілікпен қатар, рухани кемелдікті талап ететіндіктен, шәкірттің ниеті таза, ілімге деген ынтасы шынайы болуы қажет екені баса айтылды. Ұстазға құрмет көрсету, насихатты ықыласпен тыңдау, үйренген білімді күнделікті өмірде қолдану – шәкірт әдебінің негізгі қағидаларының бірі. Сондай-ақ, олардан сабырлық, ізденімпаздық және тәртіптілік талап етілетіні ескертілді.

Түнгі құлшылықтың да маңыздылығы ерекше аталып өтті. Өйткені, түнгі намаз – жүректі тазартып, білімнің берекесін арттыратын құлшылықтардың бірі. Шәкірттерді осы игі амалға дағдылануға, Алладан ілімнің пайдасын сұрауға және тақуалықты өмір сүру қағидасына айналдыруға шақырды.

Кездесу соңында шәкірттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Бұл рухани жүздесу олардың білімге деген ынтасын арттырып, болашақ діни қызметтеріне деген жауапкершілікті нығайта түсті.