“Сманқұл” мешіті шәкірттеріне арналған рухани-танымдық экскурсия ұйымдастырылды
Алматы облысы, Іле ауданы, Н.Тілендиев ауылындағы “Сманқұл” мешітінде жазғы сауат ашу курсына қатысып жүрген шәкірттерге рухани-танымдық бағытта мазмұнды экскурсия ұйымдастырылды. Бұл шара Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының оқу-ағарту бағыты бойынша әзірленген жылдық жоспарға және Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлының арнайы тапсырмасына сәйкес жүзеге асты.
“Имани жаз – 2025” жазғы сауат ашу курсының аясында шәкірттер тек діни дәрістермен ғана шектелмей, рухани, мәдени бағытта да мол мағлұмат алды. “Сманқұл” мешітінің ұйытқы болуымен 60-қа жуық бала қазақ руханиятының қасиетті нышандары саналатын нысандарға – Райымбек батыр кесенесіне, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайына және Қазақстан ұлттық мұражайына саяхат жасады.
Шәкірттер тарихи тұлғалар мен қазақ халқының мәдени мұрасы жайлы тың деректермен танысып, елдік пен руханияттың терең тамырларына үңілді. Бұл саяхат балалардың елжандылық, рухани құндылықтар мен тарихқа деген қызығушылығын арттырып, имандылық әліппесін өмірмен байланыстыра білуге ықпал етті.



