Талғар ауданында дін қызметкерлерінің білім жетілдіру семинары өтті
Алматы облысы, Талғар ауданында дін қызметкерлеріне арналған білім жетілдіру семинары ұйымдастырылды. Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2026 жылға арналған бағдарламалық баяндамасында жүктелген міндеттер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Бас мүфти өз баяндамасында: *«Діни басқарма қабылдаған концептуалды құжаттарды меңгеруін қадағалау қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды тиянақты түрде жүзеге асыруды тапсырамын»* – деп атап өткен болатын.
Осы тапсырма аясында өткен семинарда ҚМДБ-ның концептуалды құжаттарының мазмұны жан-жақты түсіндіріліп, тәжірибеде кездесетін кемшіліктердің алдын алу, сондай-ақ мешіттердегі жас мамандарға аталған құжаттарды толық таныстыру мәселелері сөз болды.
Семинар барысында төмендегі үш концептуалды құжат бойынша арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді:
1. Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі;
2. Имамның тұлғалық келбеті;
3. ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі мен олардың міндеттері.
Аталған семинар дін қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, діни қызметтің жүйелі әрі жауапкершілікпен атқарылуына бағытталды.



