preloader

Жаңалықтар

ТАЛҒАР АУДАНЫНДА МӘУЛІТ ШӘРІП ОҚЫЛДЫ

ТАЛҒАР АУДАНЫНДА МӘУЛІТ ШӘРІП ОҚЫЛДЫ

Қасиетті жұма күні Талғар аудандық «Әбу Бәкір ас-Сыддық» мешітінде Мәуліт айына орай рухани басқосу өтіп, жамағатқа Мәуліт Шәріп оқылды.

Рухани шараның басында Талғар ауданының бас имамы Ринат Маратұлы жамағатты Мәуліт айымен құттықтап, кіріспе насихат айтты. Бас имам өз сөзінде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өмір жолын, көркем мінезі мен сүннетін халыққа танытудың маңызына тоқталып, Мәуліт оқудың дінді насихаттаудың, жамағатқа Алла Елшісінің өнегесін жеткізудің бір жолы екенін атап өтті. Сондай-ақ  «Отбасы – бақыт пен береке тірегі» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Уағыз барысында Исламдағы отбасының орны мен жауапкершілігі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, ата-анаға құрмет, бала тәрбиесі және шаңырақтағы мейірім мен берекені сақтау мәселелері кеңінен сөз болды.

Одан кейін Нығмет Қайырбек Қари араб және қазақ тілдерінде Мәуліт Шәріп оқып, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибратқа толы ғұмыры мен адамзатқа қалдырған асыл өнегесін дәріптеді. Жамағат Алла Елшісіне (с.а.с.) салауат айтып, Мәуліттің рухани тағылымына ортақтасты. Рухани басқосу соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, ауданның ардагер дін қызметкері Мұратбай ақсақалҚұран сауабын бағыштап, еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы мен әрбір шаңырақтың берекесін тілеп дұға жасап, ақ батасын берді.