Талғар ауданында “Рамазанда бір уақып” тақырыбында насихаттық кездесу өтті
Алматы облысы, Талғар ауданы аумағына қарасты Белбұлақ ауылы мешітінде «Рамазанда бір уақып» тақырыбында мазмұнды насихаттық кездесу өтті. Аталған шараға Алматы облысы бойынша «Уақып» бағытындағы жұмыстарға жауапты имам Нұртай Иманберлинов арнайы қатысып, мешіт жамағаты және жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті. Кездесудің негізгі мақсаты – қасиетті Рамазан айында әрбір мұсылманды кемінде бір тұрақты сауап амалына ниеттенуге шақыру, уақып мәдениетін кеңінен дәріптеу және қайырымдылықтың жүйелі үлгісін қалыптастыру. Шара барысында уақып ұғымының шариғи мәні, оның қоғам игілігіне тигізер пайдасы, сондай-ақ сауапты істердің үздіксіз жүзеге асуына қосар үлесі жан-жақты айтылды.
Нұртай Иманберлинов өз сөзінде уақып арқылы мешіттер мен діни нысандарды, әлеуметтік және ағартушылық жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлерді сауапты бастамаларға белсенді атсалысуға, ел игілігіне қызмет ететін тұрақты қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға шақырды. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, өзара пікір алмасу алаңы қалыптасты. Жиын жамағат тарапынан жоғары қолдауға ие болып, Рамазан айындағы ізгі амалдарды арттыруға серпін берді.



