ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
ҚМДБ-ның діни оқу-ағарту бағыты бойынша жылдық жоспарына сәйкес Алматы облысы, Талғар ауданындағы мешіттер жанында ұйымдастырылған «Имани жаз – 2026» сауат ашу курстары өз мәресіне жетті.
Жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған дәрістерге 10-15 жас аралығындағы балалар қатысып, діни және рухани білімдерін жетілдірді.
Курс барысында шәкірттерге «Имандылық әліппесі» кітабы негізінде дәрістер өткізіліп, имандылық, әдеп, адамгершілік және отбасы құндылықтары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар Құран әліппесі мен Құран оқудың бастапқы ережелері үйретіліп, балалардың діни сауатын арттыруға басымдық берілді.
Ұлттық руханиятты дәріптеу мақсатында Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Міржақып Дулатұлы сынды қазақтың көрнекті ойшылдарының өлеңдері жаттатылып, олардың мағынасы мен тәрбиелік мәні түсіндірілді.
Сондай-ақ шәкірттерге ұлтжандылық пен отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, әдептілік пен ізгілік секілді құндылықтар жөнінде тағылымды дәрістер өткізілді.
Курс барысында балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне, бос уақытын пайдалы істерге арнауына және гаджеттерді шамадан тыс пайдаланудан алшақ болуына ерекше мән берілді.
«Имани жаз – 2026» сауат ашу курсына толық қатысып, оқу бағдарламасын меңгерген 264 шәкіртке сертификат табысталды.


