ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ИМАМДАРЫНА «УАҚЫП – САРҚЫЛМАС САУАП» СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Алматы облысы, Талғар ауданында болған семинар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының уақыптың мәні мен маңызы туралы баяндамасының мазмұны имамдарға жергілікті жауапты азаматтар оқып берді. Баяндамада уақыптың Ислам өркениетіндегі орны, оның әлеуметтік маңызы мен қоғам игілігіне қосатын үлесі кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ уақыптың білім мен ғылымды дамытуға, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және қайырымдылық жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыруға бағытталған маңызды институт екені атап өтілді.
Бас мүфти өз баяндамасында уақыптың ерекшелігіне тоқталып, оның негізгі мүлкі сақталып, одан түсетін пайданың қоғам игілігіне тұрақты жұмсалатынын жеткізді. Семинар аясында имамдарға уақып ісін өңірлерде дамыту, қор жұмысының аясын кеңейту және жергілікті деңгейде уақып мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу қажеттігі түсіндірілді. Жиынның негізгі мақсаты – имамдардың уақып саласындағы түсінігін тереңдетіп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға және қайырымдылықтың тұрақты жүйесін қалыптастыруға ықпал ету.



