Алматы облысында «Таза Қазақстан» науқаны қарқын алды
Қонаев қаласында экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл аймақтарды көбейту мақсатында “Таза Қазақстан” республикалық науқаны аясында сенбілік ұйымдастырылды.
Бұл науқанға Алматы облысының 2 қаласы мен 9 ауданы белсене қатысып, өңір көлемінде көгалдандыру және тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді.
Қонаев қаласында сенбілік барысында 30 көшет отырғызылды. Жалпы облыс аумағында 200-ден аса көшет егілді. Бұл – өңірдің жасыл аймақтарын ұлғайтуға қосылған маңызды үлес.
Игі іске қала тұрғындары, мешіт қызметкерлері және еріктілер белсенділік танытты. Шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қатысып, табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
Экологиялық сананы күшейтуге бағытталған бұл науқан алдағы уақытта да жалғасын табады.



