«Үшқоңыр медресе колледж» студенттері халықаралық конференцияға қатысты
«Үшқоңыр медресе колледж» студенттері халықаралық конференцияға қатысты
Алматы қаласындағы Халықаралық «Мирас» мектебінде БҰҰ, ЮНЕСКО, Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің елшіліктері мен консулдықтарының, халықаралық ұйымдар өкілдерінің офлайн форматта өтетін жыл сайынғы «Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі, MIS MUN 2025» конференциясына «Үшқоңыр» медресе-колледжінің студенттері Батырғали Мұстафа, Ерболұлы Нұрдәулет, Калимжан Арман, Елубай Аруай мен Омарова Рабия қатысып, өздерінің ұшқыр ойларымен, ерекше көзқарастарымен тақырыптарын қорғап жүлделі орындарға ие болды.
Ауқымды шараға әлемнің 21 мемлекеті, Астана, Мәскеу, Санкт-Петербург, Ереван, Ташкент, Бішкек, Орал, Түркістан, Алматы қалаларынан келген 300-ге жуық оқушы-студент қатысты. Биылғы конференцияның тақырыбы – «Қақтығыс аймақтарындағы тұрақты даму: Нәзік мемлекеттерде тұрақтылықты арттыру» және «Технологиялық бұзылуларға бейімделу: Климатқа төзімділік үшін инновацияларды пайдалану».
«MIS MUN-2025» конференциясы салмақты нақты мәселелерді талқылауға бағытталған, атап айтқанда ұзақ уақытқа созылған қақтығыстар, экстремизмнің өршуі, кедейлік, экономикалық теңсіздіктер, босқындар мен қоныс аударушылар санының артуы, климаттың өзгеруі сияқты бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерді ауқымы бойынша жаһандық мәселелер жөніндегі жұмысы ұсынылды, қазіргі заманның жаһандық проблемаларына жастардың назарын аудара отырып, халықаралық құқық және қауіпсіздік, мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік дамуы саласындағы білімдерін кеңейте түсуді көздейді. Медресе-колледж шәкірттерінің халықаралық деңгейдегі конференцияда жеңіс тұғырынан көрінуі білім ордасы басшылығы мен ұстаздарының да жетістігі екені даусыз.