Үшқоңыр медресе-колледжінде ауызашар дастарханы ұйымдастырылды
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Үшқоңыр медресе-колледжінде қасиетті Рамазан айына орай ауызашар дастарханы жайылды.
Ауызашарға Талғар ауданының бас имамы Ринат Маратұлы қатысып, медресе-колледждің ұстаздары мен шәкірттерімен бірге ауызашар дастарханында бас қосты. Кездесу барысында ол медресе директоры Мәди Серікұлы бастаған ұжымға және шәкірттерге Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлының ыстық сәлемін жеткізіп, ілім жолындағы жастарға ақжарма тілегін білдірді.
Сонымен қатар бас имам шәкірттерге білімнің қадірі мен ілімнің жауапкершілігі жайында тағылымды насихат айтып, олардың оқу барысында жоғары нәтижелерге жетуіне тілектестік білдірді.
Шара аясында шәкірттер арасында викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, олардың діни білімдерін шыңдауға мүмкіндік жасалды. Сұрақтарға дұрыс әрі тапқыр жауап берген шәкірттерге қаржылай сыйлықтар табысталды.



