ҮШҚОҢЫР МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖІНДЕ ҚАБЫЛДАУ ЕМТИХАНЫ БАСТАЛДЫ
«Үшқоңыр» медресе-колледжі» жеке мекемесінде негізгі орта білім базасында 02210100 – «Исламтану» мамандығы бойынша оқуға түсушілерге арналған қабылдау емтихандары өтуде.
Қабылдау емтиханына Қазақстан Республикасының әртүрлі өңірлерінен келген талапкерлер қатысуда. Аталған мамандықты таңдау – білім алу, рухани-адамгершілік тұрғыдан қалыптасу және болашақ кәсіби қызметке бағыт алудағы маңызды қадам.
Қасиетті Құранда:
«Раббым! Білімімді арттыра гөр!»
«Таһа» сүресі, 114-аят, – делінген.
Қабылдау емтихандары екі кезеңнен тұрады. Алдымен талапкерлер кәсіби жарамдылығын анықтауға арналған әңгімелесуден өтеді. Одан кейін екі шығармашылық емтихан тапсырады. Шығармашылық емтихандардың мақсаты – талапкерлердің таңдаған мамандығына қызығушылығын, кәсіби бейімділігі мен қабілетін, ойлау деңгейі мен жалпы дүниетанымын, сөйлеу мәдениетін, өз ойын жүйелі жеткізу және адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, сондай-ақ рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіну деңгейін анықтау. Емтихан барысында талапкерлердің мамандықты саналы түрде таңдауы, жауапкершілігі, тәртіптілігі, айналасындағы адамдарға құрметпен қарауы және қоғамға пайда келтіруге дайындығына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасын, ұлттық дәстүрлерді, қоғамдық және конфессияаралық келісім қағидаттарын құрметтеуі ескеріледі.
Емтихан комиссиясына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни білім және кадр даярлау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аршабаев Серікбол Тілегенұлы төрағалық етеді. Комиссия құрамында медресе арнайы пән ұстаздары Ташенов Ринат, Секірухан Аршынгүл, Жартыбай Асылай ұстаздар болды. Қабылдау сынақтарын ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына медресе-колледж директоры Тәттібаев Мәди Серікұлы жалпы басшылық жасайды.
Әңгімелесу мен шығармашылық емтихандар талапкерлердің қабілетін, тұлғалық қасиеттерін, жалпы білім беретін және арнайы пәндерді, араб тілін меңгеруге дайындығын, сондай-ақ болашақта рухани-ағартушылық бағытта жауапты қызмет атқаруға бейімділігін кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Ұлы Абайдың:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге», –
деген өсиеті білімге ұмтылған әрбір жасқа бағыт-бағдар береді. Қабылдау емтихандарына қатысқан барлық талапкерлерге алдағы білім жолында табыс пен сәттілік тілейміз!



