preloader

Жаңалықтар

«Үшқоңыр» медресе-колледжінің түлектері емтихан тапсырды

«Үшқоңыр» медресе-колледжінің түлектері емтихан тапсырды

Бүгін Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан «Үшқоңыр» медресе-колледжінің шәкірттері мемлекеттік емтихан тапсырды.

Емтиханды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан құрылған арнайы комиссиясы қабылдады. Комиссия төрағасы Серікбол Тілегенұлы түлектерге ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, сәттілік тіледі.

ҚМДБ-ның Діни білім және кадр дайындау бөлім меңгерушісінің орынбасары Серікбол Тілегенұлының төрағалық етуімен Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы, «Әбу Ханифа» медресе-колледжінің оқытушысы Азамат Дәулетұлы, «Үшқоңыр» медресе-колледжінің оқытушылары Бекболат Бердімұратұлы және Мақсат Сейлханов «Имам хатиб» біліктілігі бойынша емтихан қабылдаса, «Үшқоңыр» медресе-колледжінің оқытушылары Жайнагүл Ғажаб және Камшат Нұрғазы «Ислам негізінің мұғалімі» біліктілігі бойынша шәкірттердің білімін бағалады.

Биылғы оқу жылын 58 студент тәмамдады. Соның ішінде 6 студент оқуын әрі қарай жалғастыру үшін Түркия Республикасы «Хасеки» діни академиясына оқуға түссе, 29 студент Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетіне үміткер ретінде құжаттарын өткізді. Сонымен қатар, өзге бітіруші түлектер имам, наиб имам, ұстаз және азаншы сынды лауазымдарға тағайындалатын болады.