preloader

Жаңалықтар

Жамбыл ауданы: «Дәруменді ораза» атты семинар өтті

Жамбыл ауданы: «Дәруменді ораза» атты семинар өтті

Алматы облысына қарасты Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінде «Дәруменді ораза» атты семинар өткізілді.

Танымдық шараға Алматы облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Назерке Әкішқызы, «Халал Даму» ЖШС-нің технолог маманы Әсел Сабитқызы қатысты.

«Адал ас – денсаулық кепілі» демекші, семинар барысында жергілікті ақжаулықты аналар мен қыз-келіншектерге күнделікті тұтынып жүрген астың зияны мен пайдасы туралы ақпарат беру көзделді.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әр кез игі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аят), деп бұйырған.

Өйткені, адал тамақтану пенденің тақуалығына, мінезіне, болмысына тікелей әсер етеді. Алланың тыйғанынан тыйылып, адалдан пайдалануда біз үшін береке бар. Алайда, бүгінде біз осыған жіті амал етіп жүрміз бе?

Технология дамыған заманда тағамның да түрлісі шығарылуда. Ол тек табиғи емес, жасанды жолмен де өндірілетін болды. Небір қоспалармен әзірленіп, дүкен сөрелерінде көз тартатын қызылды-жасыл тауардың саны көп. Өкінішке қарай, қанша медицина дамыса да, соншалықты аурудың түрі де көбеюде. Тіпті, 2022 жылғы статистика негізінде Қазақстан дұрыс тамақтанбау салдарынан өлімге әкелу кеселдері бойынша он елдің қатарына кірген. Бұл өте өкінішті көрсеткіш.

Сондықтан, дұрыс әрі пайдалы тамақтану – болашақтың жарқын бастамасы. Тамақтың адалын ажыратып, халыққа күмәнсіз тұтынуға негіз берген Халал даму ұйымының еңбегі орасан. Адал дегеніміз – сапалы әрі пайдалы ас деген ұғым.

Бүгінгі семинарда мамандар оразаға кіріспе жасап, қай тағамдарды тұтыну қажет, қай түрінен бас тарту керек екенін ашып көрсетті. Зиянды қоспалар мен күмәнді, харам үкімін алған тағамдар туралы айтылды. Халал сертификатын алуға талпынған өндірушілердің көптігі қуантты. Ал, тауардың заңдылығын білу үшін арнайы «Халал гид» қолданбасына жүгінуге болатыны  .

Денсаулық – Алланың аманаты. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану – әрбірімзге міндет. Өндіруші ұсынған тауарды талдап, таразылап алыңыз. Себебі, бүлдіршіндер мен жасөспірімдер осы жарнаманың құрбаны. Зиянды сусындар мен фаст-фуд тұтыну арқылы ағзаларын улауда.

Семинарға қатысушылар осындай келелі тақырыптар аясында пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.

Сондай-ақ қатысушылар аталмыш шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Жамбыл ауданының бас имамы Бақыт Абдиисламұлына, аудан Әйел-қыздар секторының басшысы Омарбекова Розаға және мешіт ұстазы Уркимбаева Оксанаға алғыс білдірді.