preloader

Жаңалықтар

Жамбыл ауданы: «Ізгілік жаршысы – Әз Мұхаммед» атты Мәуліт кеші өтті

Жамбыл ауданы: «Ізгілік жаршысы – Әз Мұхаммед» атты Мәуліт кеші өтті

ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкілдігіне қарасты Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің ұйымдастыруымен жергілікті мәдениет үйінде «Ізгілік жаршысы – Әз Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші өтті.

«Айқым ата» мешітінің имамы Қанат Алдабергенұлының Құран аяттарын оқып рухани шара шымылдығын ашқаннан кейін, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы дұға жасап, «Сәт» мешітінің имамы Сейтқали Серік-қажы Есімбекұлы ағамыз елдің тыныштығы мен берекесін тілеп, бата берді.

Өнегеге толы кешке арнайы қонақ ретінде Алматы қаласынан қазақ өнерінің қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, Майлықожатанушы, ақын, сазгер, термеші Жәкен Омаров пен Алматы қаласындағы «Таугүл 3» мешітінің бас имамы, Қазақ Ұлттық университетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының оқытушысы Ернар Қалмаханұлы, әнші Сержанәлі Әлібек қатысты.

Руханиятты байытуға арналған шарада облыстың бас имамы: «Біз бүгін адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер болған, әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы, парасатты тұлғаға арналған Мәуліт кешіне жиналып отырмыз. Қасиетті Құран Кәрімде «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндерге әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың елшісінде көркем өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) делінген. Осы айда еліміздің әр түкпірінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәуліті атап өтілуде. Бұл мереке – адамзаттың ардақтысы болған Хақ елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағанын ұмытпауымыз керек» деп, ұлық айдың қадір-қасиеті жайлы айта келе, рухани кешті ұйымдастырудың мақсатына тоқталды.

Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің бірінші наиб имамы, Қарасай ауданының бас имамы Дәуренбек Жандосұлы жергілікті үздік дін қызметкерлерін облыс имамының алғыс хатымен марапаттады.

Өз кезегінде Жамбыл ауданының бас имамы Бақыт Абдиисламұлы қызметімен көзге түскен «Үздік имам», «Үздік ұстаз», «Үздік мешіт», «Ең таза мешіт» және «Қоғам белсендісі» аталымдары бойынша бірқатар ауыл имамдарын марапаттады.