preloader

Жаңалықтар

Жақсылықтың бастауы – АCАР

Жақсылықтың бастауы – АCАР

Талғар ауданына қарасты Т.Рысқұлов ауылындағы «Береке» мешітінің ауласында қазақтың ізгі дәстүрлерінің бірі – Асарды жаңғыртуға арналған шара өтті.

Шара барысында арнайы құрбандық шалынып, жамағатқа ас берілді. Дастархан басында Құран аяттары оқылып, сауабы дүниеден өткен марқұмдарға бағышталды. Ақсақалдар бата беріп, елдің амандығы мен ауылдың берекесі үшін дұға жасалды. Жиынға ауыл тұрғындары, ақсақалдар, кәсіпкерлер мен жастар қатысты. Басқосуда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан Асар дәстүрінің мән-маңызы кеңінен Талғар ауданы бас имамы Ринат Маратұлы насихаттады.

Алғы сөзінде аудан бас имамы: Асар – қазақ қоғамында бір адамның қолынан келмейтін ауқымды әрі күрделі істі ауыл-аймақ болып жұмыла атқару дәстүрі. Бұрын ата-бабаларымыз үй тұрғызу, қора-қопсы салу, арық-атыз қазу, егіншілікке қажетті жұмыстарды бірлесіп атқарып, бір-біріне қолдау көрсеткен. Бұл дәстүр халқымыздың ауызбіршілігін арттырып, өзара жәрдемдесу мен бауырмалдықты берік қалыптастырған.

Осы орайда басқосуда ауыл үшін маңызды игі бастамалардың бірі – қатымхана құрылысын қолға алу мәселесі сөз болды. Жиналған қауым бұл нысанның ауыл тұрғындарына, мешіт жамағатына және жалпы ел игілігіне қызмет ететінін айтып, құрылыс жұмыстарына ел болып атсалысуға шақырды.
Талғар ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы: Матан Рахымбергенұлы: Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тағылымды сөз бар. Бірлікпен басталған әрбір игі істің берекесі мол болары сөзсіз деп батасын берді. Жиналған жұрт жаңа бастаманың берекелі болуын тілеп, қатымхана құрылысының қысқа мерзімде аяқталып, ел игілігіне берілуін жамағат Жаратқаннан дұға-тілектерімен сұрады.