Жастарға арналған ұлттық құндылықтарды насихаттайтын комикстердің тұсаукесері өтті
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және Дін істер басқармасының ұйымдастыруымен Қонаев қалалық орталық кітапханасында жастар мен жасөспірімдерге арналған тәрбиелік комикстер сериясының тұсаукесері өтті.
Жоба қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрін заманауи форматта жастарға жеткізуді, сондай-ақ ұлттық сана мен мәдени иммунитетті арттыруды көздейді. Комикстер он бөлімнен тұрып, жасөспірім мен қария арасындағы тағылымды сұхбат арқылы ұлттық тәрбие, ата-баба мұрасы және елжандылық құндылықтары насихатталды.
Іс-шараға қатысқан ҚМДБ төрағасының орынбасары Сансызбай Құрбанұлы бұл бастамаға жоғары баға беріп, комикстердің жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды:
«Комикс – оқиғаны сурет пен мәтін арқылы жеткізетін заманауи құрал. Жас жеткіншек бейнені тез қабылдайды, есте жақсы сақтайды. Сондықтан тарихымызды, дәстүрімізді, ата дініміз бен ұлы тұлғалар мұрасын осы өнер түрімен насихаттау – уақыт талабы. Ұлттық құндылықтан ажыраған ұрпақтан ел мүддесін жоқтайтын азамат шықпайды. Ұрпақ рухани биік болып, ұлттық дүниетанымды терең меңгергенде ғана ел болашағы жарқын болады», – деді ол.
Жоба алдағы уақытта Алматы облысының білім беру ұйымдары мен кітапханаларында, сондай-ақ онлайн форматта кеңінен таныстырылатын болады.



