Жібек Жолы ауылында әйел-қыздарға арналған рухани семинар өтті
Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Жібек Жолы ауылындағы «Жақсылық Үшкемпірұлы» мешітінде әйел-қыздарға арналған тағылымды рухани семинар өтті. «Ішкі әлемнің тазалығы — нағыз сұлулықтың бастауы» тақырыбында өткен шараға танымал психолог Марзия Бекайдар мен ұстаз Назерке Әкішқызы арнайы қатысып, жамағатқа мазмұнды насихат айтты.
Семинар барысында әйел адамның қоғамдағы орны, рухани дамуы, отбасыдағы рөлі және имандылықты нығайту жолдары кеңінен қозғалды. Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушылардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Шараға 100-ден аса қыз-келіншек қатысып, рухани азық алып, ерекше әсермен тарқасты.
Марзия Бекайдар өз сөзінде әйелдің ішкі тәрбиесі мен жүрек тазалығының маңыздылығына ерекше тоқталып, білім мен амалдың қатар жүруі қажеттігін атап өтті. Ал Назерке Әкішқызы жастар тәрбиесі, заманауи қоғамдағы мұсылманның бейнесі мен бірлігі жайында ой қозғап, дінді күнделікті өмірде ұстанудың практикалық жолдарын түсіндірді.
Осындай рухани кездесулер әйел-қыздардың білімін арттырып қана қоймай, жүректеріне иман нұрын себері анық.



