preloader

Жаңалықтар

«Зияткер имам – 2023» білім сайысының жеңімпаздары анықталды

«Зияткер имам – 2023» білім сайысының жеңімпаздары анықталды

ҚМДБ-ның Алматы облысындағы өкілдігі қызметкерлері арасында «Зияткер имам – 2023» білім сайысы өтті.

Жылдың қорытынды сайысына Қонаев қаласы мен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Кеген, Қарасай, Райымбек, Талғар, Ұйғыр және Іле аудандарынан келген 10 топ қатысты. Әр топтың құрамында 3 имамнан болды.

Шара шымылдығын облыс бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы ашып, қатысушы дін қызметкерлеріне сәттілік тіледі.

Нұр-Мүбәрак университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Асқар Болатбекұлы, Нұр-Мүбәрак университетінің аға оқытушысы, исламтанушы Әбдіхалық Әбдімәжиұлы, Үшқоңыр медресе-колледжінің ұстазы Қайрат Қуатұлы және «Арын қажы» мешітінің ұстазы Хусниддин қари Акбарұлы сынды білікті дін қызметкерлерінен құрылған қазылар алқасы төрелік етті.

Алматы облысы бойынша діни оқу-ағарту бағытына жауапты имам Сакен Еншібайұлы жүргізуші болып, сайыс ережелерімен таныстырғаннан кейін, қатысушы топтар Ақида, Фиқһ, Ислам тарихы, Құран оқу ережелері бойынша білімдерін ортаға салып, уағыз айтудан шеберліктерін сынады.

Нәтижесінде ұпай саны бойынша жүлделі ІІІ орынға Ұйғыр ауданынан келген имамдар ие болса, ІІ орынға Қарасай ауданының тобы лайық деп танылды. І орынды және «Зияткер имам – 2023» білім сайысының бас жүлдесі – 3 ұмра қажылығы Еңбекшіқазақ ауданының имамдарына бұйырды.