«Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызу шарасы өтті
Алматы облысы, Қонаев қаласындағы «Қапшағай» мешітінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шара барысында мешіт аумағында жас көшеттер отырғызылып, жасыл желекті көбейтуге бағытталған жұмыстар жүргізілді. Табиғатты аялауға үндейтін бұл бастама қоршаған ортаны көркейтуге және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосты.
Шараға дін қызметкерлері мен еріктілер белсене атсалысып, ортақ іске бір кісідей жұмыла кірісті. Қатысушылар мұндай игі бастамалардың қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алматы облысы бойынша сәуір-мамыр айлары аралығында мешіттер мен оларға қарасты аумақтарға жалпы 1900 түп ағаш отырғызылды. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір мешіттерінде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және табиғатқа жанашырлық мәдениетін насихаттау мақсатында жүзеге асырылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Таза Қазақстан» акциясын қолдай отырып, еліміздің әр өңірінде ағаш отырғызу, мешіт аулаларын абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.



