«Жолың болсын, жас түлек» атты тренинг-кездесу және марапаттау рәсімі өтті
«Ислам және адал қоғам жылы» аясында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының қатысуымен «Үшқоңыр» медресе-колледжінің 2026 жылы бітіруші түлектеріне арналған «Жолың болсын, жас түлек» атты тренинг-кездесу және марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – түлектерге рухани бағыт-бағдар беру, болашақ мамандыққа деген жауапкершілікті арттыру және өмірлік ұстанымдарын айқындауға қолдау көрсету болды.
Кездесу барысында бас имам жас түлектерге ізгі тілегін жеткізіп, білім мен тәрбие – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, дін қызметі мен қоғамға қызмет етудің жауапкершілігі, адалдық пен еңбекқорлық қағидаттарының маңызы туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Шара аясында түлектерге арналған мотивациялық тренинг өткізіліп, өмірлік мақсат қою, дұрыс шешім қабылдау және рухани дамудың жолдары жөнінде кеңестер берілді.
Сонымен қатар, оқу орнында үздік нәтиже көрсеткен бірқатар түлектер арнайы алғыс хаттармен және марапаттармен марапатталды.
Кездесу соңында қатысушылар ұстаздарына алғыстарын білдіріп, жаңа өмір жолына сеніммен қадам басуға дайын екендерін жеткізді.


