«Қарттар – асыл қазынамыз»: Қонаев қаласында қарттарға құрмет көрсетілді
ҚМДБ-ның жылдық жоспары аясында Алматы облысы Қонаев қаласы “Қапшағай” орталық мешітінің әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Қонаев қаласында орналасқан “Шарапат” арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағылымды қайырымдылық шарасы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қарттарға құрмет көрсетіп, олардың көңілін көтеру, рухани және психологиялық қолдау білдіру, қоғамда үлкенге ізет пен қамқорлық құндылықтарын насихаттау.
Жиынға Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы қатысып, қарияларға ізгі тілегін арнап, үлкенді құрметтеу – халқымыздың сан ғасырлық тәрбиесі мен өнегесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы Нұрғалиева арнайы қатысып, қарттарға жылы лебізін білдірді. Алматы облысы әйел-қыздар секторының жетекшісі Назерке Әкішқызы қарияларға психологиялық демеу көрсетіп, мейірім мен жанашырлықтың маңыздылығына тоқталды. Іс-шара барысында аналар алқасы қауымының төрайымы Нүсіпбекова Дәметкен Таласбековна сөз сөйлеп, қарияларға ақжарма тілегін жеткізді.
Қайырымдылық шарасы Алматы облысы Қонаев қаласы бойынша әйел-қыздар секторы жетекшісі, “Қапшағай” орталық мешіті ұстазы Ахмадиева Гүлмира Рымханқызы мен Іле Алатау мешіті ұстазы Хумарбек Айнұр ұйымдастыруымен өтті. Шараға “Шарапат” арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының меңгерушісі Абдрахманова Лязат Көкімбековна және әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Атаева Жанат Мергенбаевна қатысып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Қайырымдылық аясында орталықтағы қарияларға 143 дана төсек жабдықтары мен қажетті тұрмыстық бұйымдар табысталды. Іс-шара барысында кішкентай бүлдіршіндер қарияларға арнап ізгі тілектерін айтып, өлең-тақпақтарын орындады. Бұл әсерлі сәттер қарттардың көңілін көтеріп, ерекше қуаныш сыйлады.


