Райымбек ауданында діни-ағарту бағытындағы семинар өтті
ҚМДБ-ның «Ислам және адал қоғам» жылы аясындағы «Діни оқу-ағарту» бағыты бойынша 2026 жылдың 19 мамыр күні Райымбек аудандық «Әбдіғали Жетенұлы» мешітінде ауыл имамдарына арналған білім жетілдіру курсы семинары ұйымдастырылды.
Семинар ауданның бас имамы Азамат Бексұлтанұлы Бухарбековтың ұйымдастыруымен өтті. Іс-шара барысында қатысушыларға фикһ, ақида, ислам тарихы, заң және ҚМДБ-ның концептуальды құжаттары бойынша дәрістер оқылып, маңызды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Семинардың негізгі мақсаты — ауыл имамдарының діни және құқықтық білімдерін жетілдіру, кәсіби біліктілігін арттыру және діни қызмет барысында қажетті бағыттар бойынша жан-жақты ақпарат беру. Сонымен қатар, имамдар арасында тәжірибе алмасу мен рухани байланысты нығайту мәселелері де қамтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауыл имамдарының білімін тұрақты түрде жетілдіруге бағытталған мұндай сабақ-семинарлар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Семинар соңында ауыл имамдары ауданның бас имамы Азамат Бексұлтанұлына ризашылықтарын білдіріп, игі бастаманың маңыздылығын атап өтті.



