Райымбек ауданында «Ихсан және насихат» бағыты бойынша семинар ұйымдастырылды
ҚМДБ-ның «Ислам және адал қоғам» жылы аясындағы «Ихсан және насихат» бағыты бойынша 2026 жылдың 19 мамыр күні Райымбек аудандық «Әбдіғали Жетенұлы» мешітінде ауыл имамдарына арналған рухани-танымдық семинар ұйымдастырылды.
Семинар ауданның бас имамы Азамат Бексұлтанұлы Бухарбековтың ұйымдастыруымен өтіп, «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» және «Ихсан – рухани тәрбие негізі» тақырыптары аясында жүргізілді.
Іс-шара барысында ауыл имамдарына уағыз-насихат жүргізудің әдебі, жамағатпен дұрыс қарым-қатынас орнату, насихаттың әсерлі әрі мазмұнды болуы жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәжірибелік ақыл-кеңестер берілді. Сонымен қатар, имамдардың діни қызметтегі біліктілігін арттыру, рухани ізденісті күшейту және уағыз мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Семинар барысында ҚМДБ тарапынан имамдарға арналып шығарылып жатқан діни әдебиеттер мен танымдық кітаптарды тұрақты түрде оқып, қызметтік тәжірибені ұдайы жетілдіріп отыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ ҚМДБ арнайы шығарған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабының мазмұны түсіндіріліп, оны уағыз-насихат жұмыстарында кеңінен пайдалану жөнінде тапсырмалар берілді.
Жиын соңында ауыл имамдары ауданның бас имамы Азамат Бексұлтанұлына осындай тағылымды семинар ұйымдастырып, діни қызметкерлердің білімін жетілдіруге қолдау көрсетіп отырғаны үшін өз ризашылықтарын білдірді.


