АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ҚҰРБАН АЙТҚА ОРАЙ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫН ӨТКІЗДІ
Алматы облысында Құрбан айт мерекесін өткізу барысында қоғамдық қауіпсіздік, санитариялық талаптар және тәртіп мәселелеріне арналған арнайы брифинг өтті. Жиынға Алматы облысы Дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке, Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов, Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынай Райымбекова және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Даурен Тойбаев қатысты.
Брифинг барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен биыл Арапа күні 26 мамырға сәйкес келетіні, ал 27 мамыр – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні болып белгіленгені айтылды. Құрбан шалу уақыты 27 мамыр күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталып, 29 мамыр кешкі ақшам намазына дейін жалғасады.
Сондай-ақ Алматы облысындағы барлық мешіттерде айт намазы таңғы сағат 06:00-де оқылатыны хабарланды. Өзге өңірлердегі айт намазының кестесін muftyat.kz сайтынан көруге болатыны жеткізілді. Жиында мамандар Құрбан айт мерекесі кезінде тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Олардың айтуынша, құрбандық шалу рәсімдері тек арнайы белгіленген орындарда өткізілуі тиіс. Сонымен қатар санитариялық нормаларды сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және тазалық талаптарына ерекше мән беру қажеттігі айтылды.
– Құрбан айт – ізгілік пен мейірім мерекесі. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтап, құрбандық шалу рәсімдерін арнайы орындарда өткізуге шақырамыз, – деді Мадияр Пірімқұлов.
Брифинг барысында ветеринариялық бақылаудан өткен малды ғана пайдалану қажеттігі де көтерілді. Мамандар бұл талаптардың тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар мереке күндері қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау органдары мен жауапты мекемелердің басты назарында болатыны айтылды. Жиын барысында биыл да тұрғындарға қолайлы болу үшін құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылатыны мәлімделді. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қашықтан құрбан шалуға арналған арнайы платформаны іске қосқан.
Атап айтқанда, еліміздің кез келген азаматы qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беріп, құрбандық шалуға мүмкіндік алады. Онлайн қызмет құрбандық рәсімін шариғат талаптарына сай әрі ашық түрде жүзеге асыруға бағытталған.


