preloader

Жаңалықтар

Алматы облысында Құрбан айт мерекесі кең көлемде аталып өтті

Алматы облысында Құрбан айт мерекесі кең көлемде аталып өтті

Бүгін барша мұсылман қауымы асыға күтетін ұлық мерекелердің бірі – Құрбан айт мейрамы басталды. Таңғы сағат 06:00-де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Алматы облысы Қапшағай орталық мешітінде айт намазы оқылып, жамағат мерекелік құлшылыққа жиналды.  Алматы облысы бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жамағатқа уағыз айтып, Құрбан айттың рухани мәні мен тәрбиелік маңызына тоқталды. Сонымен қатар елдің амандығы, жұрттың тыныштығы мен берекесі үшін дұға жасалды.

Уағыз барысында бас имам Құрбан айттың мейірім мен жанашырлықтың, ізгілік пен бауырмалдықтың мерекесі екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл күндері адамдардың мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, сауапты істер жасау арқылы Алланың разылығына ұмтылатынын жеткізді. Мадияр қажы Тағайбайұлы қасиетті Құран аяттарына тоқталып, адамзаттың жаратылуындағы негізгі мақсат – Жаратушыға құлшылық ету, ізгі амалдар арқылы рухани кемелдену екенін баяндады. Сонымен қатар Құрбан айттың қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтып, ағайын арасындағы ауызбіршілікті арттыратын ерекше мейрам екеніне назар аударды.

Айт намазына келген жамағат үшін мешіт ауласында ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, арқан тартыс және гир көтеру бойынша сайыстар өткізіліп, қатысушылар өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Мерекелік шара жамағаттың көтеріңкі көңіл-күйін арттырып, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады. Осындай игі бастамалар облысқа қарасты қала және аудан мешіттерінде де өткізілуде.

Айта кетсек, Құрбан айт мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында басталып, үш күнге созылады. Бұл күндері мұсылман қауымы құрбан шалып, қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді.