preloader

Жаңалықтар

ҚАЖ мекемесінде айттық дастархан жайылды

ҚАЖ мекемесінде айттық дастархан жайылды

Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Алматы облысы Іле ауданы Заречное ауылындағы №14 мекемеде жазасын өтеуші азаматтармен арнайы кездесу өтті.

Іс-шараға Іле аудандық «Сабденұлы Өтеген батыр» мешітінің бас имамы Сүлейманов Талғат қатысып, жиналған қауымға Құрбан айт мерекесінің рухани мән-маңызы жайында насихат айтты. Кездесу барысында азаматтарға мерекелік дастархан жайылып, Құрбан айттың рухани маңызы, оның адамгершілік, мейірімділік, кешірім мен бауырмалдыққа үндейтін тағылымы кеңінен түсіндірілді. Дін қызметкерлері мерекенің мән-маңызы туралы насихат айтып, жиналғандарды ізгілікке, сабыр мен тәубеге шақырды.

Кездесу барысында қатысушыларға Алматы облысының Бас имамы Мадияр Тағайбайұлы Пірімқұловтың ыстық сәлемі мен Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтауы жеткізілді. Сонымен қатар жазасын өтеуші азаматтарға рухани қолдау көрсетіліп, олардың қоғамға қайта бейімделуі мен түзелу жолындағы талпыныстарына игі тілектер айтылды.

Шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, діни және рухани бағыттағы пайдалы мәліметтер алды.