preloader

Жаңалықтар

«Айт – татулық мерекесі» насихат шарасы өтті

«Айт – татулық мерекесі» насихат шарасы өтті

Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Алматы облысы, Талғар қаласындағы жамағатқа арналған мерекелік дастархан барысында «Айт – татулық мерекесі» тақырыбында насихат жүргізілді.

Шараның негізгі мақсаты – араздасқан туыстарды, достарды, көршілерді татуласуға шақыру, кешірім мен мейірімділіктің қоғамдағы маңызын түсіндіру болды. Насихат барысында ислам дінінің адамдар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үндейтіні айтылып, Құрбан айттың рухани мәні кеңінен түсіндірілді.

Жамағатқа кешірім сұрау мен кешірім беру – үлкен сауапты амал екені ескертілді. Адамдар арасындағы өкпе-ренішті ұмытып, бауырмалдық қарым-қатынасты жаңғырту – айт мерекесінің басты құндылықтарының бірі екені жеткізілді.

Қазақ халқы ежелден татулық пен ауызбіршілікті жоғары бағалаған. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген даналық сөздер халықтың береке мен бақтың бастауы татулықта екенін айқын көрсетеді.

Сондай-ақ, дана халқымыздың «Тату үйге – тоқшылық, береке кіреді», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген нақылдары да көпшілікке насихатталды. Бұл сөздер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық құндылықтарымыздың маңызын көрсетеді.

Мерекелік дастарханға келген қала тұрғындарына көршімен тату болу, туыстық байланысты нығайту, қоғамдағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықты арттыру жөнінде кеңестер айтылды. Қатысушыларға Құрбан айттың тек құрбандық шалу ғана емес, адамдарды жақындастырып, жүректерді табыстыратын рухани мереке екендігі түсіндірілді.