preloader

Жаңалықтар

Алматы облысының имамдары «Darhan Dala» жобасы аясында Көлсай өңірінің табиғатымен танысты

Алматы облысының имамдары «Darhan Dala» жобасы аясында Көлсай өңірінің табиғатымен танысты

Алматы облысының имамдары «Darhan Dala» жобасы аясында Кеген ауданына қарасты Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына барып, өңірдің туристік әлеуетімен және табиғи ерекшеліктерімен танысты.

Іс-шара барысында қатысушылар Көлсай өңіріндегі экотуризмді дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Бүгінде аймақта туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қонақүйлер, киіз үй қалашықтары мен демалыс базалары жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылым нысандары отандық және шетелдік саяхатшылардың табиғат аясында сапалы демалуына мүмкіндік беріп отыр.

Көлсай көлдері – еліміздің ең көрікті табиғи аймақтарының бірі әрі экотуризмді дамытуда маңызды орын алатын мекен. Табиғаттың қайталанбас сұлулығы мен экологиялық тепе-теңдігін сақтау мақсатында ұлттық парк аумағында арнайы тәртіп талаптары белгіленген. Сондықтан бұл өңірге келген әрбір азамат қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, табиғатты қорғау қағидаларын сақтауы тиіс.

«Darhan Dala» жобасы аясындағы мұндай танымдық сапарлар табиғи мұраны насихаттауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған өлкенің көрікті жерлерін кеңінен танытуға өз үлесін қосады.