АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ҚҰРАНДЫ ТОЛЫҚ ЖАТТАҒАН ҚАРИЛАРҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы арнайы іс сапармен Талғар ауданындағы «Қызыл-Қайрат» мешіті жанындағы сауат ашу курсы шәкірттерімен кездесті.
Сапар барысында бас имам қасиетті Құран Кәрімнің 30 парасын толық жаттап шыққан екі шәкіртке арнайы сертификат табыстап, олардың ұстаздары мен ата-аналарына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қари атанған шәкірттерге ақ батасын беріп, Құран қызметінде табандылық танытуға шақырды.
Аталған сертификаттар шәкірттердің Құран Кәрімді толық жаттағанын растайтын құжат ретінде табысталды. Бұл – жүйелі білім мен қажырлы еңбектің, ұстаз бен шәкірт арасындағы берекелі байланыстың жемісі.
Кездесу барысында Мадияр қажы Тағайбайұлы елімізде ҚМДБ-ң Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасына сәйкес Құран жаттау ісіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтіп, қари тәрбиелеу – ұлттың рухани болашағына салынған маңызды инвестиция екенін жеткізді. Шәкірт тәрбиелеп, олардың жетістіктеріне куә болу – ұстаз үшін үлкен қуаныш әрі жауапты қызметтің нәтижесі. Қасиетті Құранды көкірегіне тоқып, амалымен көркемдей білген жастардың көбеюі қоғамның рухани дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Алла Тағала қари шәкірттердің ілімін арттырып, Құранға қызмет ететін ізгі буынның қатарын көбейтсін.


