Іле ауданында Құран Кәрімнің 29 және 30-параларынан жатқа оқу байқауы өтті
Алматы облысы Іле аудандық «Сәбденұлы Өтеген Батыр» мешітінде Құран Кәрімнің 29 және 30-параларынан жатқа оқу бойынша байқау ұйымдастырылды.
Игі шараның ашылу салтанатына Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қатысып, жиналған жамағат пен байқауға қатысушыларға жүрекжарды лебізін жеткізді. Өз сөзінде Құран Кәрімді үйренудің, оны жаттап, өмірде басшылыққа алудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың басты мақсаты – қасиетті Құранды насихаттау, жастарды діни білімге баулу және қариларды қолдау. Сайыс барысында қатысушылар Құран Кәрімнің 29 және 30-параларын жатқа оқып, тәжуид ережелерін сақтау, оқу мәнері мен жаттау деңгейі бойынша сынға түсті.
Қазылар алқасы қатысушылардың дайындықтарын жан-жақты бағалап, үздік өнер көрсеткен жеңімпаздарды анықтады. Байқау барысында шәкірттердің Құранға деген құрметі мен ынтасы айқын көрініс тауып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар Құран жолында еңбек етіп жүрген шәкірттерге ризашылықтарын білдіріп, олардың алдағы уақытта да білімдерін жетілдіре беруіне тілектестік танытты. Осындай рухани байқаулар жас буынның имандылыққа бет бұрып, Құран ілімін терең меңгеруіне үлкен серпін беретіні сөзсіз.


