ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА «ТОЙ – ТӘРБИЕ МЕН ТАҒЫЛЫМНЫҢ ОРДАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы облысы Қарасай ауданында «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» тақырыбында аудандық Ақсақалдар алқасының мүшелерімен рухани кездесу өтті.
Іс-шараға Алматы облыстық Қапшағай мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарасай аудандық филиалының төрағасы Сағат Ұлтарақұлы Мәсімақынов және ауданның бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы қатысты.
Кездесуде Мейрамбек Ақылбекұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасында айқындалған басым бағыттар аясында баяндама жасап, дін мен дәстүр сабақтастығы, той мәдениетін қалыптастыру және ысырапшылдықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Бас мүфти атап өткендей, той мен құдайы аста ысырапшылдық пен орынсыз мақтанға жол берілмеуі тиіс. Осы орайда қуанышты жиындарды ұлттық салт-дәстүр мен шариғат талаптарына сай өткізіп, қарапайымдылық пен қанағатшылдықты ұстанудың маңызын түсіндірді. Өз кезегінде Сағат Ұлтарақұлы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жас ұрпаққа өнегелі тәрбие берудегі ақсақалдардың рөлін атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар тойды ұлттық тәрбие мен берекенің ордасына айналдыру, ысырапшылдық пен орынсыз бәсекелестікке жол бермеу жөнінде пікір алмасты.


