preloader

Мақалалар

Зекет – әділдік пен теңдік тұтқасы

Зекет – әділдік пен теңдік тұтқасы

Барша адамзатқа ақиқат ретінде жіберілген асыл дініміз – Ислам адам баласының дүниелік әрі ақыреттік өмірін үйлесімді қалыптастыруды мақсат ететін кемел дін. Оның барлық үкімдері адамның Жаратушымен қарым-қатынасын ғана емес, қоғамдағы өзара сыйластықты, әділеттілікті, мейірімділік пен жауапкершілікті де қалыптастыруға бағытталған. Бекітілген парыздары мен бұйрықтары жеке адамның ғана екі дүниедегі бақытына емес, тұтас қоғамның, тіпті бүтін бір ұлттың игілігіне қызмет етеді.

Осындай ұлы құлшылықтардың бірі – зекет. Зекет – мұсылманның мал-мүлкіне қатысты орындалатын парыз ғибадат болғанымен, оның мәні тек белгілі бір мөлшердегі дүниені мұқтаж жандарға берумен ғана шектелмейді. Керісінше, ол әлеуметтік теңсіздікті азайтып, адамдар арасындағы бауырмалдықты нығайтатын, бай мен кедейдің арасындағы өзара сүйіспеншілік пен сенімді қалыптастыратын аса маңызды діни әрі қоғамдық институт.

Зекеттің парыздығына қатысты қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 43-аятында: «Намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер…», – деп бұйырылады. Демек, зекет беру адамның жүрегін ғана тәрбиелеп қоймай, оның қоғамдағы қарым-қатынасын да ізгілендіреді.

«Зекет» сөзі араб тіліндегі «зәкә» түбірінен шығып, «тазару», «өсу», «берекелену», «кемелдену» деген мағыналарды білдіреді. Бұл атаудың өзінен-ақ зекеттің негізгі мақсаты айқын көрінеді. Себебі зекет беру арқылы адамның жүрегі сараңдықтан тазарады, дүниесі берекеленеді, ал қоғамдағы мұқтаж жандардың өмір сүру деңгейі жақсарады. Сондықтан ислам ғұламалары зекетті тек материалдық көмек ретінде емес, адамның рухани тәрбиесін қалыптастыратын құлшылық ретінде қарастырған. Бұл туралы Алла Тағала Құранда: «Олардың малдарынан садақа (зекет) ал. Сол арқылы оларды тазартып, өсіресің» («Тәубе» сүресі, 103-аят), – деп, зекеттің адамның малын ғана емес, жан дүниесін де тазартатынын білдіреді. Яғни мұсылман өзіне берілген нығметтің шүкіршілігін тек сөзбен емес, мұқтаж жандардың ақысына ортақтасу арқылы көрсетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ Исламның негіздерін баяндаған әйгілі хадисінде: «Ислам бес нәрсенің үстіне құрылған: Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммедтің Алланың Елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және Рамазан оразасын ұстау» (Бұхари, «Иман», 2; Мүслім, «Иман», 21), – деп, зекетті Исламның бес парызының бірі ретінде атап көрсеткен.

Зекет һижраның екінші жылында парыз етілді. Сол уақыттан бастап нисаб мөлшеріне жететін байлығы бар әрі сол байлыққа бір қамари жыл иелік еткен мұсылманға зекет беру міндеттелді. Мұндағы мақсат – байлықты жазалау емес, оны қоғам игілігіне айналдыру. Өйткені Ислам адамның еңбек етіп, дәулетті болуына қарсы емес. Алайда сол байлықтың ішінде мұқтаждардың да ақысы бар екенін еске салады.

Зекеттің парыз болуы үшін белгілі шарттар сақталуы қажет. Ең алдымен адам мұсылман болуы, ақыл-есі дұрыс болуы және шариғат белгілеген нисаб мөлшеріне жететін мал-мүлікке ие болуы керек. Сонымен қатар, ол байлық адамның иелігінде бір қамари жыл сақталуы тиіс. Осы талаптар орындалған кезде ғана зекет беру міндеті жүктеледі.

Ал зекеттің кімдерге берілетіні Алла Тағала тарапынан Құран Кәрімде нақты белгіленген: «Зекеттер – тек қана пақырларға, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жүректері Исламға бұрылатындарға, құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолында жүргендерге және жолда қалған жолаушыларға беріледі. Бұл – Алланың белгілеген парызы» («Тәубе» сүресі, 60-аят).

Бірінші топ – пақырлар. Бұлар күнделікті негізгі қажеттіліктерін өтеуге шамасы келмейтін адамдар. Екінші топ – міскіндер. Олардың белгілі бір табысы болғанымен, ол өздерінің және отбасының қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз болады. Үшінші топ – зекет жинаумен айналысатын қызметкерлер. Олар қоғамдағы осы маңызды міндеттің дұрыс ұйымдастырылуына еңбек сіңіргені үшін зекеттен үлес алады. Төртінші топ – жүректері Исламға жақындатылатын адамдар. Исламның алғашқы кезеңінде бұл үкім қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарған. Қалған топтарға құлдарды азат етуге көмек көрсету, қарызға батқан адамдар, Алла жолындағы игі істерге еңбек етіп жүргендер және елінен жырақта қалып, қиындыққа тап болған жолаушылар жатады.

Осы үкімдердің барлығы Исламның қоғамдағы әлсіз топтарға ерекше қамқорлық жасайтынын көрсетеді. Зекеттің мұндай жүйесі адамдар арасындағы әлеуметтік жіктелудің күшеюіне жол бермейді әрі әрбір мұсылманға өз бауырының жағдайына бейжай қарамауды үйретеді.

Қазақ халқының: «Асарлатып іс бітіргеннің ырысы артады», – деген мақалы да адамдардың бір-біріне қолдау көрсетуі қоғамның берекесін арттыратынын аңғартады. Исламдағы зекет жүйесі де дәл осы ынтымақ пен өзара көмекті нығайтуды көздейді. Өйткені қоғамдағы әрбір ауқатты адамның байлығында мұқтаж жанның ақысы бар екенін сезінуі адамдар арасындағы қызғанышты, өшпенділікті және әлеуметтік алшақтықты азайтады.

Зор сүйініш айтайын,
Мұсылман болып туғанға.
«Ләббайка» деп рухым,
Хаққа мойынсұнғанға.
Шүкір айтың, жарандар,
Жақсы мал шалып құрбанға.
Таһарат алып, намаз қыл,
Суын құйып құманға.
Зекет беріп, қажыға бар,
Айналмаңыз құр малға.
Дүниеге айналып,
Тәңірі берген дәулеттен
Махшар күні құр қалма.
(Әбубәкір Кердері)

Қорыта айтқанда, зекет – Исламдағы әділет қағидасының нақты көрінісі. Ислам бай болуды айыптамайды, керісінше, адал еңбекпен табылған мал-мүлікті үлкен нығмет деп бағалайды. Алайда сол нығметтің шүкіршілігі ретінде оның белгілі бір бөлігін қоғам игілігіне жұмсауды міндеттейді. Осылайша бай адам дүниесінің аманат екенін түсінсе, кедей адам өзін қоғамнан шет қалған жан ретінде сезінбейді. Мұндай өзара түсіністік қоғамдық тұрақтылықтың сақталуына негіз болады.

 

 

Алматы облысы, Қарасай ауданы,

Көксай ауылы «Құртқа» мешітінің имамы

Жақсымбет Нұрислам.